Облыста биыл 130 түрлі экологиялық іс-шара ұйымдастырылған
"Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында жыл басынан бері бірқатар жұмыстар қолға алынды. Биыл өткізілген экологиялық іс-шараларға 480 мыңнан астам адам атсалысқан. Бұл ортақ іске, яғни табиғатты аялап, тазалықты сақтауға тұрғындар жұмыла кірісті деген сөз. Олардың арасында мекеме қызметкерлері, қоғам белсенділері мен еріктілер, студенттер мен оқушылар бар. Нәтижесінде жалпы 118 мыңнан астам аула мен 1800-ден астам әлеуметтік нысан тазартылды. Тазалықпен қатар көгалдандыру жұмыстарына да мән берілген. Облыс бойынша 100 мың түп ағаш отырғызылған. Осылайша осы жылға жоспарланған көрсеткіш артығымен орындалып отыр. Ал орман шаруашылықтары аумағында қосымша миллиондаған түп көшет егілген. 12 қыркүйек пен 14 қараша аралығында қала мен аудандарда ауқымды сенбіліктер өткен. Жүйелі жұмыстардың арқасында 8 мың тоннадан астам заңсыз қоқыс үйіндісі мен көшелерден 9 мың тоннадан астам қалдық шығарылыпты. Саябақтар да назардан тыс қалмаған. Оған 101 мыңнан астам тұрғын қатысып, арнайы техникалар жұмылдырылған. Қалада рұқсат етілмеген қоқыс орындары әлі де кездеседі. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде биыл облыс аумағында 115 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, оның 105-і жойылған. Қалған үйінділер жеке аумақта орналасқандықтан, оларды тазарту жұмыстары әлі жалғасуы тиіс екенін айтады мамандар. Заңсыз қоқыс төгудің алдын алу үшін де бақылау күшейтілген. Облыс бойынша жыл басынан бері 6-ден аса рейд өткізілген. Нәтижесінде 4 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталған. Ал талапты бұзғандарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті баптарына сәйкес айыппұл салынады.Количество показов: 9
Дата создания: 24.11.2026 06:50:56




















