Ескі қаланың көркі "Пушкин саябағы" жаңарады
Пушкин атындағы саябақ талай тұрғынның естелігіне айналған. Бір кездері қаланың мәдени орталығы болған бұл орын уақыт өте келе тозып, қараусыз қалған. Оны мемлекет меншігіне қайтару үшін де бірнеше жыл бойы сот процесі жүргізіліп, енді биыл тарихи саябақ қайта жаңғыртылмақ. Қазір аумақ қоршалып, инженерлік желілерді жүргізуге дайындық басталған. 35 жылдан бері жөндеу көрмеген демалыс орнын абаттандыруға ERG компаниясы демеушілік көрсетіп отыр. Жобаның жалпы құны - 600 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын көктемде бастау көзделген. Бүгін қала әкімі Азамат Бекет мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысын ескі қала тұрғындарымен бірге талқылады. Жоба бойынша аумаққа қосымша жасыл желек отырғызылып, суару жүйесі тартылады. Орындықтар мен балалар ойын алаңы, сахна аумағы жаңартылады. Ескірген аттракциондар қалыпқа келтіріледі. Биыл инженерлік желілер жүргізілсе, негізгі абаттандыру жұмыстары келесі көктемде жалғасады деп жоспарланған. Саябақ 1887-1890 жылдары негізі қаланған. Ал 1937 жылы оған орыс ақыны Александр Пушкиннің есімі берілген. Содан бері ол ескі қаладағы маңызды қоғамдық орындардың бірі болып келеді. Осы маңда ұзақ жылдар бойы тұрып келе жатқан тұрғындар да көп. Олар саябақтың жаңа кейіпке енетініне қуанып, осы істің бастамасы болып отырған жандарға алғыстарын білдірді. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң саябақ қала тұрғындары мен қонақтарының серуендеп, тынығатын сүйікті орнына айналмақ. Жоспар бойынша жаңарған саябақ келесі жылы пайдалануға беріледі.Количество показов: 13
Дата создания: 24.10.2026 08:17:21



















