Қалалық сүт зауыты ауданындағы 60 жылдық тарихы бар үйлер жаңартыла бастады
Терможаңғырту бағдарламасы арқылы емес тұрғындардың өз бастамасымен. 1969 жылы салынған көпқабатты үйдің терезелері түгелдей ауыстырылады. Үй төрайымы терезелерді ауыстыруға қаражатты тұрғындардың өзінен жинаған. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны 1 млн теңгеден асады.1969 жылы бой көтерген Мұнайшы көшесі 23 көппәтерлі үйдің қабырғасы қазір сол жылдардың ізін көрсетіп тұр. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ғимаратта ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Алайда үйдің жағдайына алаңдаған жанашыр тұрғындар мәселені шешуге өздері кіріскен. Үй төрайымы Ақмарал Есекенова көппәтерлі үйдегі терезелерді жаңартуға бастамашы болып, оған өз қаражатын да қосып отыр. Өзіне айына берілетін 30 мың теңгені 2 жыл бойы жинап, осы істі қолға алыпты.
Қазір үйдің жағдайын жақсарту үшін тұрғындармен бірге бірқатар жұмыстар атқарылуда. Үй төрайымы жұбайымен бірге осы баспанада тұрады. Екі баласы бар. Көппәтерлі үйдің тұрғындары Ақмарал Есекенованың бастамасына дән риза.
Бұл үйдің тарихы ерекше. Бұрын мұнда зағип жандар тұрған. Уақыт өте ғимараттың мәртебесі өзгеріп, қазір мұнда түрлі отбасылар қоныстанған. Үй төрайымының айтуынша, атқарылатын жұмыс мұнымен тоқтамайды.
Қарапайым бастама болса да, бұл - туған үйінің жағдайына бейжай қарамайтын тұрғындардың жауапкершілігін көрсететін іс. Қазір үй ауласында жолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта аула ішіне балаларға арналған ойын алаңдары салынады.
Количество показов: 66
Дата создания: 25.09.2026 10:16:36



















