Алғаш рет эпилепсиямен ауыратын науқасқа кезбе жүйке нейростимуляторын имплантациялау бойынша операция жасалды
Операция үстеліндегі науқас – 50 жаста. Ол 2001 жылдан бері эпилепсиямен ауырады. Астана қаласында эпилептолог дәрігердің кеңесін алғаннан кейін оған хирургиялық емдеу әдісі ұсынылған. Сол жақ кезбе жүйкеге нейростимулятор мен электрод жүйесін орнату туралы шешім қабылданған. VNS технологиясы эпилепсияның, соның ішінде дәрі-дәрмекпен емдеуге көнбейтін түрлерін емдеуде қолданылады. Арнайы құрылғы кезбе жүйке арқылы электр импульстарын жіберіп, эпилепсиялық ұстамалардың жиілігі мен ауырлығын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұған дейін мұндай операцияға мұқтаж науқастар республикалық медициналық орталықтарға жіберілетін. Енді бұл технология облыстық ауруханада енгізіліп, жоғары технологиялық медициналық көмекті Ақтөбеде көрсетуге жол ашты. Екі күндік шеберлік сабағы аясында жоспарланған тоғыз жоғары технологиялық операцияның барлығы аяқталды. Ми ішіндегі артериялардың тарылуы кезінде стенттеу бойынша екі операция, сондай-ақ трансрадиалды жолмен ұйқы артерияларын стенттеу бойынша екі операция жасады. Мұндай тәжірибелік іс-шаралар жергілікті мамандардың біліктілігін арттырып, күрделі медициналық көмектің өңір тұрғындары үшін қолжетімділігін кеңейтеді. Облыстық ауруханада бұл бағытты одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Келесі жылы кезбе жүйке нейростимуляторын имплантациялау операцияларын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсету үшін тиісті өтінім беру көзделген. Жаңа технологияларды өңір медицинасына енгізу күрделі хирургиялық көмекті жергілікті деңгейде көрсетуге, науқастардың республикалық орталықтарға бару қажеттілігін азайтады. Келесі жылдан бастап облыс тұрғындары сапалы медициналық қызметті тұрғылықты жерінде ала бастайды.Количество показов: 9
Дата создания: 24.11.2026 06:46:40




















