Мансап орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды
Өңірде екі қолына күрек таппай жүргендер қатары сиремей тұр. Республика күніне орай кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде 20 мекеме жүзден аса вакансия ұсынды. Биыл облыста 12 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланыпты. Жұмысқа орналасып үлгергендер қатарында ұлттық жобаларға қатысушылар, қоғамдық жұмыстарға тартылғандар, жастар практикасы арқылы тәжірибе жинағандар және жеке кәсібін бастағандар бар. Көбіне азаматтар мұнай-газ немесе теміржол саласына жұмысқа орналасуға ниетті. Себебі айлық жалақысы жоғары. Бірақ әзірге бұл бағыттарда бос орындар аз, дейді мамандар. Тұрақты жұмыс табу - көпшілік үшін өзекті мәселе. Бірі жаңа мамандық іздесе, енді бірі тәжірибесі мен біліктілігіне сай қызметке орналасқысы келеді. Тұрғындарды жұмысқа орналасу барысында мекеме жалақысы қанағаттандырмай жатады. Ал мүгедектігі бар жандар денсаулық жағдайына сай келетін жұмысты табуға үмітті. Жұмыс іздеушілерге тек бос орындар ұсынылып қана қоймайды. Мансап орталығы арқылы сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге арналған курстар да ұйымдастырылады. Оқу аяқталған соң азаматтар алған біліміне сәйкес жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Бұл әсіресе еңбек нарығында сұранысқа ие мамандығы жоқ немесе кәсіби біліктілігін арттырғысы келетін адамдар үшін қолайлы бағыт.Жұмыспен қамту бағытында мұндай жәрмеңкелер жылы соңына дейін тағы бірнеше мәрте өткізілмек. Мақсат - жұмыссыз азаматтарды тұрақты қызметке орналастыру. Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты азайту.
Количество показов: 18
Дата создания: 24.10.2026 08:21:01



















