Балабақшаларға ваучер енгізу қалай іске асып жатыр?
Өңірде 46 мыңға жуық баланы қамтитын 639 мектепке дейінгі ұйым бар. Былтырға қарағанда балабақша саны биыл 20-ға артқан. 1-маусымнан бастап балабақшалар ваучерлік қаржыландыру жүйесіне ауысып жатыр. Мемлекет енді қаржыны балабақша емес, әр бала үшін бөледі. Пилоттық жүйе әзірге облыс орталығындағы мектепке дейінгі ұйымдарға ғана енгізіліп отыр. Аудандарда шілденің соңына дейін кезек-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Түсінікті тілмен жеткізсек, бұрын мемлекет 300 орындық балабақшаға 150 бала ғана барса да толық ақы бөлетін. Енді үкіметтен қаржы әр бала үшін төленеді. Бұл процесс бірыңғай білім беру порталы - DaraBala арқылы жүзеге асырылады. Ал, әр балаға төленетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 2023 жылы - 46 489 теңге болса, былтыр - 54 506 теңгеге артқан. Биыл әр балаға 56 327 теңге төленеді. Бұл сома бала санатына байланысты да өзгереді. Дегенмен, пилоттық жоба аясында ата-аналар тарапынан туындаған мәселе де жоқ емес. Мәселен, бала бір күн балабақшаға бармай қалса, сол күннің ақысын шегере алады. Бірақ, кейбір мектепке дейінгі ұйымда бүлдіршін бір күн келмесе де "келді" деген белгі қою қажет деп түсіндірген. Бұл аналар арасында дау туғызды. Ал, маманның сөзінше, бір жыл ішінде бала денсаулығына байланысты медициналық анықтамадан бөлек 40 күн себепсіз қала алады.Бүгінде пилоттық жобаға 238 балабақша енгізілді. Аймақта бала тәрбиелеп отырған мемлекеттік білім беру тапсырысын орындайтын жеке балабақшалардың үлесі көп. 16 600-ден астам бүлдіршін сол жақта. Ал, шаһарда ваучерлік қаржыландыруды енгізу аясында 21 жеңілдік санаты бойынша 9330 бала кезекке қойылған. DaraBala порталындағы "Күту парағы» қызметі арқылы басқа балабақшаға қиындықсыз ауысуға мүмкіндік бар.
Количество показов: 16
Дата создания: 16.07.2025 06:16:54