"Жаңа идея - жайлы қала" байқауы жарияланды
Шаһарда "Жаңа идея - жайлы қала" эскиздік жобалар байқауы жарияланды. Архитектура, ландшафты дизайн, урбанистика, құрылыс, инженерия саласына оқып жатқан жоғары оқу орындарының студенттері қатыса алады. Жастармен қала әкімі Азамат Бекет кездесіп, қаланы абаттандыру бойынша жұмыстарды талқылады. Шара Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде өтті. Құрылыс компанияларының басшылары, архитектор мамандар да қатысты. Сондай жобалардың бірі - "Достық" саябағын реконструкциялау. Білім мекемесінің 4-курс студенттері Қонаев және Берсиев көшелерінің қиылысындағы демалыс аумағын қолға алған. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткен шарада жаңа жобалар көрмесі де өтті. Жастардың жайлы қалалық орта қалыптастыру туралы көзқарастары мен тың пікірлері маңызды дейді ұйымдастырушылар. Ал, "Жаңа идея - жайлы қала" эскиздік жобалар байқауы екі бағыттан тұрады. Алғашқы бағытта студенттер қала әкімдігі тарапынан ұсынылатын бос жатқан учаскелерді қоғамдық кеңістік ретінде абаттандыру үшін эскиздік жоба жасап ұсыну қажет. Яғни шағын бақ, саябақ жасауға бос учаскелерді қала әкімдігі ұсынады. Ол үшін арнайы жүлде қоры тағайындалған. 1 орынға - 1 млн. теңге, 2 орынға - 500 мың теңге беріледі. Ал, үшінші орынға - 300 мың теңге қарастырылған. Екінші бағытта қала ішінде бар, бірақ абаттандыруды қажет ететін қоғамдық кеңістіктерді жақсарту, жаңарту, толықтыру үшін эскиздік жоба ұсыну шарт. Мұнда да арнайы жүлде қоры тағайындалған. Байқауға жастар жұмыстарын 15 желтоқсанға дейін ұсына алады. Жыл соңында қорытындысы жарияланады. Ең үздік деп танылған эскиздік жобалар келесі жылы жүзеге асырылады. Жоба жастарды қаланың өміріне, қалалық ортаның қалыптасуына араластыру, студенттердің мамандыққа бейімделуіне тәжірибе жүзінде мүмкіндік беру, жастардың жаңашыл көзқарастарын, идеяларын қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға бағыттау көзделген. Шара барысында студенттердің қалалық даму және сәулет бағытындағы шығармашылық көрмесі де өтті.Количество показов: 22
Дата создания: 22.10.2025 07:20:35