Қалада "Қауіпсіз үй" акциясы өтіп жатыр
Қауіпсіз аула, жарық көше, бейнебақылау. Ақтөбеліктерді алаңдататын мәселелердің тізбегі осы. 5 қазанда басталған "Қауіпсіз үй" шарасы аясында тұрғындар полицияға өз ұсыныстарын жолдап жатыр. Өтініштер "QR-кодтар" арқылы қабылданады. Жүйе үйлердің кіреберістері мен аулаларына орналастырылған. Мамандардың айтуынша алғашқы күннің өзінде облыс тұрғындарынан 20-ға жуық ұсыныс түскен. Көпшілігі аулаларды жарықтандыруды күшейтуді, бейнебақылау камераларын орнатуды және жол белгілерін ретке келтіруді сұраған. Полицияның мәліметінше, өңірде қылмыс саны да азайған. Биылғы тоғыз айда 4 мыңға жуық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға төмен. Ұрлық 23 пайызға, тонау 19 пайызға, ал интернет-алаяқтық 15 пайызға азайған. Қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстар қала тазалығын бақылаумен де ұштасып отыр. Полиция қызметкерлері кәсіпкерлік нысандарға рейд жүргізіп, санитарлық талаптардың сақталуын тексеруде. Кезекті тексеру кезінде кей кәсіпорындардың маңынан көп мөлшерде қоқыс анықталған. Кәсіпкерге кемшіліктерді жою жөнінде нұсқама берілді. Мамандардың айтуынша, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру үшін полиция мен тұрғындардың бірлескен жұмысы маңызды. Сондықтан азаматтар өз ауласындағы немесе көшедегі заң бұзушылықты дер кезінде хабарлауға мүмкіндік алды.Количество показов: 10
Дата создания: 09.10.2026 09:35:43



















