Ақшат ауылына мектеп пен балабақша қажет
![]() |
Благодар селолық округіне қарасты Ақшат ауылының 450 тұрғыны бар. Олардың денін жергіліктілерден гөрі облыс аудандарынан қоныс аударғандар құрайды. Ауылдықтардың көпшілігі қалаға қатынап жұмыс жасайды. Жалақысы көп болғандықтан емес, амалдың жоқтығынан жүрміз дейді бүгін әкімнің есебін тыңдауға келгендер. Өйткені, ауылда мұғалім мен дәрігерден басқаға жұмыс жоқ. Ауылдықтарды жұмыспен қамтитын өзге өндіріс орны Ақшатта жоқтың қасы. Екі қолға бір күрек таппағандар, малының арқасында күнін көріп отыр. Ауылға көгілдір отын кіргізілген. Ауыз суды әркім өзі қазып алған құдығынан алып, ішіп отыр. Селолық округтің әкімі Бақұзақ Дариннің айтуынша, су құбырларын тарту - болашақтың еншісіндегі шаруа. Күрделі жұмысты қолға алмас бұрын, әуелі су қорын анықтап алу қажет. Мектептің жыры- өз алдына. Бұрын жапсарластыра салынған үйдің бір басында бастапқыда кітапхана орналасқан. Кейін екі үйді біріктіріп, бала оқытатын жерге айналдырған. Аядай тар бөлмеге балалар сыртқы киімін де іледі, сабақты да оқиды. Кіреберіс дәлізді де сыныпқа лайықтаған. Мектеппен бірге, балабақша да керек. Әрбір үйде балабақша жасындағы үш кішкентайдан бар. Ал жас аналар жұмысқа орналасайын десе, баланы бағатын ешкім жоқ. Ауылға кіреберісте Бұтақ өзені ағып жатқан тұста көпір бар. Кеңес дәуірінде тұрғызылған. Тозығы жеткені сонша, бірнеше көлік қатар келіп қалса, қауіп ұлғаяды. Үйренген жүргізушілер бұл тұсқа келгенде жылдамдықты бәсеңдетеді екен. Үйден бір адам жолға шықса, амандығын тілеумен отырамыз дейді ақшаттықтар. Ауылдықтардың базынасын тыңдаған Благодар селолық округінің әкімі Бақұзақ Дарин жол мәселесін шешу биылғы жылдың жоспарына енгізілгенін айтты. |
Количество показов: 2661
Дата создания: 23.01.2013 19:04:57