"Қытай тілі көпірі" халықаралық байқауы өтті
Бүгін шаһарда "Қытай тілі көпірі" халықаралық байқауы өтті. Ауқымды білім сайысы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жанындағы Конфуций институтында екі ел басшылығының және университет әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Мамандардың айтуынша, бүгінде қытай тілін меңгерген мамандарға сұраныс жоғары. Әсіресе өңірде дәл осы тілдегі аудармашылар мен кәсіби мамандарға қажеттілік артып келеді. Бұған өңірдегі қазақ-қытай компанияларының көбеюі себеп болып отыр. Іс-шараға Қазақстандағы 5 Конфуций институтының студенттері, мектеп оқушылары және Қытай Халық Республикасының Ақтөбедегі Бас консулы Го И мен Конфуций институтының жаңадан тағайындалған директоры Жу қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде елімізде Конфуций институттары Алматы, Астана, Қарағанды және біздің өңірде жұмыс істейді. Биылғы республикалық іріктеу кезеңі Ақтөбеде өтіп отыр. Сайыс барысында қатысушылар қытай тілін меңгеру деңгейін көрсетіп, мәдениет, тарих және өнер бойынша білімдерін сынға салды. Байқау жеңімпаздары Қазақстан атынан Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында өтетін дүниежүзілік "Қытай тілі көпірі" сайысына қатысуға мүмкіндік алды. Конфуций институты Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтып, білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. Бүгінде институт қазақстандық жастарға Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берсе, қытайлық студенттердің де Қазақстанға келіп, елдің тарихы мен мәдениетін танып-білуіне жол ашып отыр.Количество показов: 13
Дата создания: 23.05.2026 06:10:33



















