Табиғатты қорғау мәдениеті бала кезден қалыптасады
Табиғатты аялау, қаланы көгалдандыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау. "Смарт Білім" мектеп-гимназиясында өткен шара осы мақсаттарды қамтыды. "Экологиялық тәрбие - таза болашақ кепілі" атты кешенді іс-шара төрт бағыт бойынша ұйымдастырылды. Оқушылар экологиялық тәрбиеге арналған семинарға қатысты. Семинарда өздері дайындаған ғылыми жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Макеттер мен өсімдіктерден жасалған көрмеде табиғатты қорғауға бағытталған түрлі идеялар көрсетілді. Көпшілікке ұнаған идеялардың бірі - жаңбыр суын тиімді пайдалану жобасы. 10-сынып оқушысы Ділбара Жұмабаева командасымен бірге жауын-шашында арнайы су қорына жинау тәсілін ойластырған. Жиналған нөсер суын бау-бақшадағы өсімдіктерді суаруға пайдалануды ұсынып отыр. Экологиялық бастамаларды мектеп оқушылары ғана емес, арнайы шақырылған қонақтар да тамашалады. Олар балалардың жобаларымен танысып, ізденісі мен тапқырлығына жоғары баға берді. Ал шараның көрнекі бөлігі 500-ден астам оқушы қатысқан флешмоб болды. Мерекелік бағдарлама мұнымен аяқталған жоқ. Оқушылар мектеп ауласына тал егіп, жасыл желекті көбейтуге өз үлестерін қосты. Ұстаздардың айтуынша, мұндай шаралар балалардың экологиялық сауатын арттырып қана қоймай, табиғатқа ұқыпты қарауды күнделікті әдетке айналдыруға мүмкіндік бермек.Количество показов: 13
Дата создания: 06.10.2026 09:00:43



















