Электр самокаттарды пайдалану және жалға беру тәртібіне арналған жаңа талаптар енгізілді
Елімізде электр самокаттарды пайдалану және жалға беру тәртібіне арналған жаңа талаптар енгізілді. Өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап электр самокаттарды пайдалану және жалға беру қызметіне қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді кикшеринг компаниялары әрбір пайдаланушыны сәйкестендіріп, жолдың жүру бөлігіне шығатын азаматтың 18 жасқа толғанын, жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруге міндетті. Сонымен қатар жалға берілетін барлық электр самокаттар сақтандырылып, тіркеу нөмірімен қамтамасыз етіледі. Компаниялар олардың техникалық жарамдылығын бақылап, арнайы аймақтарда қозғалыс жылдамдығын автоматты түрде шектейді. Жауаптылардың айтуынша, жеке меншік электр самокат иелеріне бұл талаптар қолданылмайды. Алайда олар да жол қозғалысы қағидаларын сақтауы тиіс. Жолдың жүру бөлігімен тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш шлемін киген азаматтарға ғана жүруге рұқсат етіледі. Ал 2026 жылғы 25 тамыздан бастап электр самокаттардың тротуарлармен жүруіне тыйым салынады. Олар тек велосипед жолымен немесе жолдың оң жақ шетімен қозғалуы тиіс. Полиция департаменті тұрғындарды жаңа талаптарды сақтап, жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға шақырады.Количество показов: 15
Дата создания: 09.07.2026 08:16:04



















