Бүгін - Халықаралық шай күні
Халықаралық шай күні жыл сайын 21-мамырда аталып жүр. Шайдың әлемдік мәдени, әлеуметтік және экономикалық маңыздылығына назар аударылады. Және жыл сайын түрлі тақырып арналады. Биыл - «Жақсы өмір үшін шай» тақырыбы таңдалыпты. Шайдың өмір сүру деңгейін жақсарту, тұрақты дамыту және денсаулыққа қосқан үлесін көрсетеді. Шөлбасар ретінде танылған сусынның отаны – Ежелгі Қытай. Қазір көш басында Үндістан тұр. Мұнда жылына – 1 млн. тоннаға жуық өнім өндіріледі. Халықаралық шай күні алғаш 2005 жылы 15-желтоқсанда Үндістан, Шри-Ланка, Непал, Вьетнам, Индонезия, Бангладеш және басқа да шай өндіруші елдерде атап өтілді. Бұл күн шай өндірушілер мен жұмысшылардың құқықтарын қорғауға және әділ саудаға назар аударуға бағытталған. Ал, қазақ үшін шай таза судан кейінгі сусын. Қонақжайлылық, мәдениет пен қарым-қатынастың бір бөлігі. Шай ішпейтін қазақ жоқ. Қазақ жерінде нақты кеңінен таралған уақыты ХІХ ғасырдың ортасы. Қазақ даласына шай Қытайдан қазіргі Моңғолияның Қияқты сауда өткелі арқылы Сібірді басып, солтүстіктен жетіп отырған. Қазақтар көбінесе кірпіш шайды пайдаланған. Бұл күн шайдың денсаулыққа пайдалы қасиеттерін халыққа түсіндіріп, таза өнім мен жасанды шай қалдықтарын ажыратуға үгіттейді. Таза шайлар адам денсаулығына да өте пайдалы. Сусынның түріне қарай бағасы да әртүрлі. Ең арзаны 100 граммына 1000 теңге. Қымбаттары да жетерлік. Сұраныс та жоғары.Халықаралық шай күні тек қана шай ішуге ғана арналмаған. Шай өндірісінде еңбек ететін миллиондаған адамның еңбегін бағалау ең басты мақсат. Тарих пен естеліктерді еске түсіріп, шай іше отырыңыздар.
Количество показов: 41
Дата создания: 22.05.2025 12:10:46