Қазақстан бойынша бес мыңға жуық адам ағза донорын күтуде
Осыдан 11 жыл бұрын Нағашыбай Шамғановтың өмірі күрт өзгереді. 2015 жылы оған созылмалы бүйрек ауруына байланысты туған әпкесі бір бүйрегін берген. Операциядан бері он жыл өтсе де, сол күйі оның есінде. Бүгінде 55 жастағы Нағашыбайдың денсаулығы бірқалыпты. Екі баланың әкесі. Өз басынан ауыр жағдай өткеннен кейін ол ағза донорлығын қолдайтынын айтады. Әсіресе "мәйіттік донорлық" жүйесі арқылы басқа адамдардың өмірін сақтап қалуға болады деген пікірде. Қазақстанда қазір бес мыңға жуық адам трансплантация кезегінде тұр. Олардың шамамен 500-ін Ақтөбе облысының тұрғындары құрайды. Науқастар жүрек, бауыр, бүйрек және көз трансплантациясын күтуде. Тізімдегілердің 85 пайызына бүйрек қажет. Бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастар диализ арқылы ем алып, донор күте алады. Ал жүрек пен бауыр трансплантациясын қажет ететін науқастар үшін уақыт мәселесі әлдеқайда өзекті. Осы саладағы мүмкіндіктерді тұрғындарға кеңінен түсіндіру үшін ұйымдастырылған ашық есік күнінде мамандар ағза донорлығы мен трансплантацияның қазіргі мүмкіндіктерін баяндады. Тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай кездесулердің негізгі мақсаты - халықты донор болуға үндеу. Трансплантация туралы түсінігін арттыру. Өйткені бір адамның шешімі бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.Количество показов: 14
Дата создания: 06.10.2026 09:02:11



















