Жасырын қызмет еткен бес балабақша жабылады
![]() |
Қалада астыртын жұмыс жасаған жеке бес балабақшаның қызметі тоқтатылады. Бөбекжайлар иелері санитар-мамандардың рұқсатын алмай, балаларды қабылдаған. Бұл туралы бүгін қалалық санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Нұрсұлу Беркімбаева мәлімдеді. Бақша ашып, жасырын кәсіп қылғандарға қатысты бірнеше іс қазір сотқа жолданып жатыр. "Сюрприз" балабақшасы екі қабатты коттедждің бірінші қабатында жасақталған. Ойын бөлмесі кең, жатын және жуынатын, ас ішетін бөлмелері бар. Іштері таза. Бүгін мұнда әр түрлі жастағы он шақты бөбектің ойнап жүргенін байқадық. Жанында тәрбиеші бар. Балабақша жетіспеушілік мәселесі өткір тұрған біздің қала үшін мұндай бөбекжайлардың болуы - құптарлық жайт. Бірақ, бұл балабақша санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз қызмет еткен. Сондықтан, санитар-дәрігерлер "Сюрприз" секілді бес шағын орталықты жабу туралы шешім шығарды. Қалалық санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, кәсіпкерлер көп ретте салықшылардан "бала күтушінің қызметі" деген желеумен рұқсат алып жүрген. Санитар-дәрігерлер астыртын бақшаларға ішек инфекциясы диагнозымен түскен балалардың қайдан тамақтанғанын зерттеу кезінде кездейсоқ тап болған. Тексеру кезінде оларда балаларға арналған ас мәзірінің жасақталмағандығы, ас үйде қол жуатын қондырғы орнатылмағандығы, тамақтануды дұрыс ұйымдастырмау сияқты басқа да кемшіліктер анықталды. Санитар-дәрігерлердің шешімімен Қарғалы ауылы, Орталық көшесіндегі шағын орталық, Заречный-2 ауылындағы "Ақдәулет" және "Мирас" балабақшалары жабылады. Кәсіпкерлердің екеуіне қатысты іс сотқа жолданып, тағы үшеуіне қатысты құжаттар дайындалып жатыр. Сот кәсіпкерлердің әрекетін заңсыз деп тапса, әрқайсысы 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. |
Количество показов: 2734
Дата создания: 04.01.2013 13:06:12