Өткен жылы сәбилердің шетінеуі 10 пайызға төмендеді
![]() |
Былтыр алғаш рет облыста ана өлімі тіркелген жоқ. Сондай-ақ перзентханалардағы нәрестелердің дүние есігін ашпай жатып шетінеп кетуі 10 пайызға төмендеген. Бұл туралы бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр жеткізді. Облыстың бас дәрігері бұдан басқа 2012 жылы жедел жәрдем бригадасын 4 бірлікке арттырдық деп мәлімдеді. 2012 жылғы облыстың туу көрсеткіші жоғары. Мысалы 2011 жылы дүние есігін 11 мың сәби ашса, 2012 жылы өмірге 12 мың нәресте келіпті. Облыстың бас дәрігері Қайрат Сабыр өткен жылы да жүрек талмасы, инсульт ауруларының тіркелу көрсеткіші сол күйінде қалғанын жасырмады. Жүрек, қан тамырлары, бас ауруларынан кейінгі орында бақытсыз жағдайлардан көз жұму деректері тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы алдағы уақыттарда емханалардағы ұзын-сонар кезекті азайтуға күш салмақ. Күніге емханаларға 15 мың ақтөбелік дауа іздеп келеді. Ал, бас дәрігер облыстағы емханалардың қабылдау мүмкіндігі бұдан үш есеге аз, яғни 7 мың ақтөбелікті қабылдай алады дейді. Бұл сандарды ретке келтіру үшін былтыр 12 аудан мен ауылдарда медициналық пункттер ашылған. Оның ең ірісі Шұбарқұдық аудандық ауруханасы. Ал биыл 65 мың шаршы метрді құрайтын, 300 орынға шақталған облыстық көп профильді аурухана ашылмақ. Оның құрылысына 11 млрд 17 млн теңге жұмсалыпты. Биыл Оңтүстік-Батыс, Қурайлы, Жаңақоныс секілді ауылдарда республикалық бюджеттің бөлген қаржысына амбулаториялар салынбақшы. Ал, 2014 жылы жаңа аудандар "Нұр Ақтөбе" мен " Батыс-2"-де көп орындықты емханалар пайдалануға беріледі. |
Количество показов: 2502
Дата создания: 11.01.2013 12:59:39