Табиғатты қорғау үлкен істерден емес, қарапайым әдеттерден басталады
Қоқысты жерге тастамау, суды үнемдеу, айналаны таза ұстау - әр адамның қолынан келетін іс. Осыны жастардың бойына сіңіру мақсатында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде экологиялық кездесу өтті. Оған 200-ге жуық студент пен оқытушы қатысты. Университетте әр аптаның бейсенбісі «Таза бейсенбі» акциясына арналады. Бұл күні студенттер мен оқытушылар оқу орнының аумағын тазалап, тазалық жұмыстарына бірге атсалысады. Бұл жолғы кездесуге экология департаментінің мамандары қатысты. Жиында болашақ экологтар табиғатты қорғауға қатысты тың идеяларын ортаға салды. Студенттердің арасында пластикалық қалдықтарды қайта өңдеумен айналысып жүргендер де бар. Университет өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта «Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстар жалғасын тауып, жүйелі түрде ұйымдастырылмақ. Осындай бастамалар жастардың табиғатқа деген көзқарасын қалыптастырып, қоршаған ортаны қорғауға белсенді атсалысуына жол ашып отыр. Осылайша университет өкілдері табиғатты аялауды бір күндік акция өткізумен шектемей, күнделікті әдетке айналдырған.Количество показов: 11
Дата создания: 04.11.2026 08:48:22



















