Кірпішті ауылы мен шаһарды бірге жалғап тұрған байырғы көпір ағымдағы жөндеуден өтті
Кірпішті тұрғын алабындағы көпірдің құрылысы соңғы кезеңіне таяған. Байырғы өткелдің тірек құрастырылымы толықтай орнатылып, негізгі бөлігі асфальт төсеуге дайындалуда. Ал қазір құрылысшылар төменгі бөлігінде бетон құю жұмыстарын жүргізуде. Бұл көпірдің құрылысы қаладағы жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Бұған дейін бұл аумақта су тасқыны кезінде су шайып, күрежол әбден бүлінді. Сондықтан ескі көпірді жаңғырту жұмысы кезек күттірмеді. Жаңа өткел қосымша салынып жатыр. Қазір құрылыс алаңында жұмысшылар бірнеше бағыт бойынша жұмыстарды қатар атқарып жатыр. Инженерлік және құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі орындалған. Енді нысандағы соңғы жұмыстар аяқталып, асфальт төселгеннен кейін көпір пайдалануға беріледі. Одан бөлек, облыста екі жаңа маңызды жол қолданысқа берілді. Бұл - Хромтау ауданында Ақжар және Жазық ауылдары арасындағы жаңа жол. Қазір екі көпір пайдалануға беріліп, төрт жолақтың екеуінде көлік қозғалысы ашық. Жаңа өткелдер жүргізушілерге жолды қысқартып, теміржол өткеліндегі күту уақытын жоюға мүмкіндік береді. Көлік қозғалысы ашылған жаңа жолдың ұзындығы - 28 шақырым. Жол бойында екі жол өткелі бар. Бірі Ақжар ауылының маңында, екіншісі Жазық теміржол өткелінің үстінде орналасқан. Жаңа көпірлер - «Ақтөбе - Қарабұтақ - Ұлғайсын» автожолын қайта жаңғырту жобасының бір бөлігі. Жалпы жоба аясында ұзындығы 262 шақырым болатын жол үшінші техникалық санаттан бірінші санатқа ауыстырылады. Автожол жеті учаскеге бөлінген. Қазір олардың барлығында мердігерлер құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.Количество показов: 13
Дата создания: 10.09.2026 09:01:25



















