Шымкентте қаза тапқан шекарашылардың екеуі - ақтөбелік Асуан Айтмамбетов пен Анатолий Филипко
![]() |
Шымкент түбінде опат болған шенді шекарашылардың екеуі ақтөбелік. Аға лейтенант Анатолий Филипко "Оңтүстік" аймақтық басқармасының әскери қызметкері болатын. Ал 38 жастағы подполковник Асуан Айтмамбетов "Оңтүстік" аймақтық басқармасында шекара жасағын басқарған. Асуан Айтмамбетовтің сүйегін осындағы отбасы, туған-туыстары тосып отыр. Былтыр ғана шаңырақ көтерген шекарашының артында әйелі Нұржамал және 8 айлық сәбиі Айсұлтан қалды. Жақын-жуықтары қайғы жұтқан отбасын жалғыз қалдырып жатқан жоқ. Азаматты туған жерінде жерлеу үшін оның денесін тосып отыр. Ал қазір оңтүстікте мүрделерді ажырату жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Кеше Асуанның туған бауыры ДНК сараптамасына қан тапсыру үшін Шымкентке аттанып кеткен. Бүгін қан сараптамасы Асуан Айтмамбетовтің анасынан да алынды. Асуан Айтмамбетов Ембіде туып-өскен. Алматыдағы қазіргі Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясын, одан кейін Шортандыдағы ҚР ІІМ әскери жоғарғы оқу орнын бітірген. Тәжікстан, Ауғанстан елдерінде әскери тапсырмалар орындаған. Шекара қызметінің №2030 әскери бөлімінде еңбектенген. Қызмет жылдарының көп бөлігін Батыс Қазақстан облысында атқарған. Соңғы тұрағы Қырғызстанмен шекарадағы Қордай ауылы болатын. Онда ол "Оңтүстік" аймақтық басқармасында шекара жасағын басқарған. Ресейдің Волгоград облысындағы "Эльтон" сауықтыру орталығында 2008-ші жылы 17 сәуірде күрделі өрт оқиғасы орын алған. Сонда денсуалығын түзетіп жатқан Асуан Айтмамбетовтің бір өзі 22 адамды құтқарды. Осы ерлігі үшін Асуан Айтмамбетов РФ мемлекеттік наградасымен және ҚР ТЖМ "Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік көрінгені үшін" медалімен марапатталған. Бірнеше мәрте "Шекара әскерлерінің үздігі" төс белгісін алған. |
Количество показов: 2571
Дата создания: 27.12.2012 19:08:36