Шаңырақтың берекесі, отбасы бірлігі
Бұл сөйлемдерде үлкен мән жатыр. Бүгін отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында қалада жас жанұялардың басын қосқан байқау өтті. Сайыста он жас отбасы бақ сынады. Қатысушылар алдымен жанұя болу тарихын таныстырып, татулық пен сыйластықты қалай сақтайтындарын көрсетті. Сонымен қатар фотокөрмеден көпшілік ұзақ жылдар бойы жарасымды ғұмыр кешіп келе жатқан мерейлі отбасылардың өмірінен сыр шертетін суреттерді тамашалады. Шараға қонақ ретінде 50-60 жылдан астам уақыт отасқан ерлі-зайыптылар шақырылды. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жас отбасыларға шаңырақтың берік болуы үшін ең алдымен түсіністік пен өзара құрмет қажет екенін ескертті. Өнегелі отбасылардың бірі - Смағұловтар әулеті. Шалқар ауданының тумалары отау құрғандарына биыл 63 жылдан асыпты. Бес бала тәрбиелеп, бүгінде 11 немере мен 13 шөберенің қызығын көріп отыр. Мерейлі отбасылардың өмір жолы жас буынға үлгі. Себебі отбасының беріктігі жылдар бойы қалыптасқан сыйластық, сабыр мен өзара қолдаудың нәтижесі.Количество показов: 8
Дата создания: 12.09.2026 11:44:31



















