Сахнада жанды дауыс, әуезді әуен және үздік орындаушылардың бәсекесі
Ақтөбе қалалық мәдениет сарайының эстрадалық оркестріне биыл 45 жыл толып отыр. Мерейтойға орай бір аптаға жоспарланған мәдени іс-шаралар басталды. Соның алғашқысы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Дүйсенбаевтың есімімен аталған алғашқы қалалық байқау. Өнер додасы биыл 70 жасқа толған өнер қайраткерін еске алу шарасына ұйымдастырылған. Бүгін вокал жанры бойынша тыңдалым өтіп, ертең аспапта орындаушылар сынға түседі. Байқауға 30-ға жуық жеке орындаушы, ансамбль және хор ұжымы қатысып жатыр. Олардың қатарында жүзден астам бала бар. Мерейтойлық апталық мұнымен шектелмейді. Бағдарламада оркестрдің мерейтойлық концерті, 45 жылдыққа арналған гала-концерт және Ақтөбе джаз фестивалі бар. Кезінде Есенгелді Дүйсенбаевтың бастамасымен қолға алынған фестивальге Алматы, Қостанай, Батыс Қазақстан өңірлерінен және Ресейден кәсіби музыканттар қатысады деп жоспарланған. Байқауға қатысушылардың бірі — 10 жастағы Аяжан Сисембі. Ол төрт жасынан бастап ән айтып, вокалмен айналысады. Бұл байқауға өз өнерін көпшілікке көрсету мақсатында қатысып отыр. Бүгін ол «Даймонд» әнін орындамақ. Жас өнерпаздың айтуынша, бұл туындыны мінезі мен ерекше әуені үшін таңдаған. Өнерпаздың байқаудан супер гран-при иеленемін деген үміті бар. Байқау жас өнерпаздардың шеберлігін шыңдап, сахнаға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар арқылы өңірдегі талантты орындаушыларды қолдап, оркестрдің 45 жылдық тарихын кейінгі ұрпаққа танытуды көздейді.Количество показов: 4
Дата создания: 10.11.2026 01:46:56



















