Шаһарда жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірдегі барлық көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтылған. Жылу қуаттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, апаттық жағдайларға жедел әрекет етуге дайын. Осы тақырыптар облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде көтерілді. Жиында тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу мәселесіне де назар аударылды. Қазір жергілікті атқарушы органдар мен бейінді қызметтер бірлесіп профилактикалық рейдтер жүргізуде. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың үйлеріне иіс газын анықтайтын датчиктер орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс әкімі жыл соңына дейін мұндай құрылғыларды толық орнатуды тапсырды. Жиын барысында бұдан бөлек, инженерлік желілердің, мұржалар мен электр жүйелерінің қауіпсіздігін бақылауды күшейту де міндеттелді. Айта кетелік, елімізде 40-50 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны шұғыл ауыстыруды қажет етеді. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Бұған дейін өнеркәсіп министрлігіне газ баллондарын шығару мәселесін шешу тапсырылған болатын. Қазір Көкшетау қаласында осындай зауыт іске қосылды. Алдағы уақытта Атырау мен Алматы қалаларында да өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр", – деді Олжас Бектенов. Премьер-министр енді ескі газ баллондарын жеке тұрғын үйлерде ғана емес, қоғамдық тамақтану орындарында да ауыстыру жұмысын ұйымдастыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ елімізде жарамсыз газ баллондарын айналымнан алу және жою тәртібі әлі күнге дейін реттелмегеніне назар аударды.Количество показов: 6
Дата создания: 11.11.2026 07:38:44



















