Ғазиза Жұбанова көшесі - шаһардағы қозғалысы қарқынды учаскелердің бірі
Қалада Ғазиза Жұбанова көшесін «Оңтүстік айналма» трассасымен жалғайтын жұмыстар жүріп жатыр. Жаз бойы жүргізілген жолды жаңарту жұмыстары әлі кешеуілдеп тұр. Тек Сәңкібай батыр көшесінен Мәңгілік елге дейінгі аралықта негізгі жұмыстар аяқталған. Жолға жаңа асфальт төселіп, жиектастар қойылған. Жаяу жүргіншілер үшін жол салыныпты. Жыл сайын тұрғындары артып отырған Алтынорда ауданындағы маңызды екі үлкен көшені жалғайтын Мәңгілік ел- Алаш көшесіне дейінгі бөліктер әлі бітпей тұр. Жаяу жүргіншілер жолының бір бөлігі ғана дайын. Қалған жұмыстар толық аяқталмаған. Жиектастар сол күйі әлі жапсырылмаған. Жол құрылысы биыл екінші жылға созылып отыр. 2024 жылдың күзінде басталған жұмыс жыл соңына дейін аяқталуы екіталай. Қазіргі таңда мердігер компания абаттандыру жұмыстарына кіріскен. Дегенмен бүгін құрылыс алаңынан еңбек етіп жүрген жұмысшылар байқалмайды. Бірақ тұрғындар ауданның көркі біраз жақсарғанын алға тартады. Алтынорда ауданының сырт келбеті болашақта біраз өзгеруі мүмкін. Қаланың бас жоспарына сәйкес, мұнда жаңбыр суын жинайтын кәріз жүйесі тартылмақ. Жол бойында бағдаршамдар саны көбейіп, қоғамдық көліктерге арналған аялдамалар салынады. Әрі аудан ғимараттарында қанық түстерді көбірек пайдалану элементтері қолға алынбақ.Количество показов: 13
Дата создания: 04.09.2026 10:01:24



















