Ас атасын харам еткен кім?
![]() |
Ақтөбелік зейнеткер ұнның арасынан әйелдердің гигиеналық затын тауып алды. Шарасыз болсам да, ешкімге шағымданбаймын дейді кейуана. Мүмкін, бұл ұн өндірушілерге жасалған қастандық шығар. Тек тұрғындарға абай болыңыздар деуді жөн санап отыр Қалампыр Молжігітова. Қалампыр әже- отандық тауар өндірушілерді қолдайтындардың қатарынан. Тауы шағылса да, өзіміздің ұн өндірушілердің өнімін сатып алады. Бұл-зейнеткердің басына түскен алғашқы жағдай емес. Былтыр дәл осы өндірушінің өнімінен бөтелкенің қақпағы шыққан. Ол кезде шу шығармайын деп, тіс жармапты. Бүгінгі сорақы көріністі де жарияға жар салғысы келмепті. Оған немересі қарсылық білдірген. Әжесі немересінің "Ұн өндірушілерге сабақ болсын, осылай алдана бересіз бе?" дегеніне құлақ асыпты. Сонда да отандық өндірушілерді жамандыққа қимайды. Бұл- бизнестегі бәсекелестерінің немесе ренжулі жұмысшыларының қастандығы болар дейді Қалампыр әже. Қалампыр әженің жолдасы 7 жылдан бері төсек тартып жатыр. Қариямның көңілін аулайын деп, жылы-жұмсақтың бәрін үйден пісіремін дейді. Ұнды базардан сатып алған, тауарлық түбіртегі жоқ. Қаптың сыртындағы жапсырмада өлшеп салынған күні өткен жылдың 1 қазаны деп көрсетілген. Қыз-келіншектердің пайдаланылған гигиеналық заты 25 келілік ұнның арасынан шыққан. Кейуананың айтуынша, қаптың тігісін тарқатып жатып байқапты. Іле-шала, ұнды қапқа қайта салған. Жаға ұстатарлық жағдайға қатысты "Жаңа Әлжан диірмен комбинатының" басшылығы зейнеткерден кешірім сұрайды. Бұрын-соңды мұндай жағдай болмағандығын айтып, ақталды. Серіктестіктің коммерциялық директоры Қайсар Ордашев та Қалампыр әженің "қастандық шығар" дегенімен толық келіседі. Ұннан шыққан тосын сыйға ұрынып жүрген ақтөбеліктер аз емес. Бұған дейін жергілікті наубайханашылар тұрғындарға шаш, тырнақ, тіпті шөлмек пен құстың қанаты қосылған "эксклюзивті" нан өнімдерін ұсынғанын білеміз. Қалалықтардың да еті үйренген бе, әлде шарасыздықтан ба, ешбір құзырлы орынға шағымданбайды. Айыпталып, кәсібі тоқтатылып жатқандар жоқ. |
Количество показов: 2239
Дата создания: 01.04.2013 18:53:39