Қалада "Best in Aqtobe" рейтингтік жобасы қорытындыланды
Қалада қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен "Best in Aqtobe" жобасы жүзеге асты. Шара қалалық мәдениет сарайында өткізілді. Жоба аясында колледж жастары бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізген. Атап айтқанда, мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру басты назарға алынған. Сондай-ақ, жас буын арасында ынтымақтастықты нығайту бағытындағы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Жобада қатысушылардың жұмысы арнайы балдық жүйе арқылы бағаланды. Рейтингті қалыптастыру кезінде өткізілген іс-шаралардың деңгейі мен жұмыс нәтижелері ескерілген. Бүгінгі қорытынды марапаттау рәсімінде "Үздік колледж", "Үздік жастар ісі жөніндегі комитет", "Үздік студент", "Үздік белсенді орта", "Үздік жоба", "Үздік медиа" және "Үздік ұйымшыл команда" номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды. "Үздік колледж" аталымын Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжі жеңіп алды. 500 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды. Ал "Үздік жоба" номинациясы Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне бұйырды. "Үздік белсенді орта" аталымында Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі үздік деп танылды. Сондай-ақ "Үздік студент" аталымын Ақтөбе автожол колледжінің студенті Абдрахман Исламбек, ал "Үздік жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы" номинациясын Ақтөбе сервис колледжінің өкілі Ботакөз Бекмұхамбетова иеленді. Аталған төрт номинацияның әрқайсысына 200 мың теңгеден қаржылай сыйлық берілді.Количество показов: 9
Дата создания: 03.11.2026 09:09:27



















