Қалада «Адал азамат» республикалық өнер фестивалі басталды
Сахна төрінде 10 жас әртістен құрылған ұжым көсіле ойнады. Өңірге "Адал азамат" республикалық театр өнері фестиваліне еліміздің 10 облысынан театр ұжымдары келген. Театр әлеміне бар болмысымен еніп, ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздар: "мұнда жас өнерпаздар сахнада ойнауды ғана емес, өмірді тануды, адам бойындағы жақсы қасиеттерді бағалауды үйренеді", - дейді. Жас таланттар театр - тәрбие мен тағылымның ордасы екенін жақсы түсінеді. Осы құндылықтарды бойларына сіңіріп жүр. Өнер саласында 60 жылға жуық еңбек еткен ұстаз үшін шәкірт тәрбиелеудің орны бөлек. Талдықорған қаласынан келген Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова жолдасымен бірге жинаған тәжірибесін жас буынға үйретіп келеді. Мұндағы мақсат - сахнаға қабілетті актер дайындаумен шектелмей, рухани бай, елін сүйетін азамат тәрбиелеу. Театрдың дамуына үлес қосып жүрген халық әртісі өзінің шәкірттерімен бірге сахналық қойылымға өмірде болған оқиғаларды арқау еткен. Сахналанған қойылымда ұзақ жылдар бойы ауыр дертпен күрескен Жәмилә есімді қыздың тағдыры бейнеленген. Кейіпкер талай қиындықты еңсеріп, шетелде емделгеннен кейін сауығып кетеді. Кейін мектепті алтын медальмен аяқтап, журналистика мамандығын меңгеріп, актерлік салада еңбек етіп жүр деп өмір жолымен бөлісті ұстаз. Фестивальге Ақтөбе атынан Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия оқушылары қатысып жатыр. Өнер ұжымы заманауи тақырыпты қозғап, "Ғаламтордағы махаббат" атты қойылымды ұсынды. Туынды драма жанрында. Театр сахнасында барлығы 14 жас талант өнерлерін көрсетті. Байқау екі күнге жалғасады. Мақсаты театр арқылы балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, өнерге деген қызығушылығы арттыруды көздейді.Количество показов: 11
Дата создания: 30.10.2026 08:23:31



















