Ақтөбеге еліміздің қарилары жиналды
80 қари атануға үміткер биыл "Құран Кәрімді" жатқа және мәнерлеп оқу бойынша өткен республикалық сайыста бақ сынады. ҚМДБ ұйымдастырған дәстүрлі байқау биыл 15-ші мәрте өткізіліп отыр. Қатысушылар өте көп. 9 бен 30 жас аралығында төрт номинация бойынша өнер көрсетті. Сайыста үміткерлер 10, 20, 30 параны жатқа оқу және құранды мәнерлеп оқу бағыттары бойынша өзара сынға түсті. Қазылар алқасы қатысушылардың білімімен қатар, қасиетті кітапты дұрыс әрі көркем, құлаққа жағымды үнмен оқылуына мән берді.Байқау қорытындысы бойынша мәнерлеп оқу номинациясында Павлодар облысынан келген Абдулла Нұрмұрат жеңімпаз атанды. 10 пара бойынша Алматы облысынан қатысқан Мұхаммад-Юсуф Нұрасылұлы үздік шықса, 20 пара номинациясында елордадан келген Айқын Ақылбекұлы топ жарды. Ақтөбелік қари 4-ші орынға табан тіреді. Ал 30 параны жатқа оқыған Маңғыстаулық Рахымжан Ержанұлы жеңімпаз атанды. Құран кәрімді 3 жылдың ішінде жаттаған қариға басты жүлде автокөліктің кілті табысталды. Ал байқауға қатысқан үміткердің әрқайсысына 80 мың теңгеден сыйақы берілді. Айта кетелік, облысқа атбасын тіреген бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өңірдегі үш мешітке "Chevrolet Cobalt" көліктері кілтін табыстады. Темір тұлпар қалалық орталық мешіт, Хромтау аудандық "Нұр" мешіті және Байғанин аудандық орталық мешітке қызмет етпек. Игі бастамаға ақтөбелік жомарт кәсіпкерлер қолдау көрсеткен. Жаңа қызметтік көліктер діни басқарманың 35 жылдығына орай табысталған.
Количество показов: 6
Дата создания: 08.09.2026 11:56:01



















