Ақтөбе ферроқорытпа зауытына - 70 жыл
![]() |
Қазақстан қара металлургиясының қарлығашы - Ақтөбе ферроқорытпа зауытына биыл 70-жыл. Атаулы датаға орай бүгін өндірістік орында мерейтойлық металл балқыту салтанаты өтті. Балқыту цехтарын алғаш іске қосқан ардагерлер шақырылып, құрмет көрсетілді. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бүгін туған күні. Тура 70 жыл бұрын осы пештерде зауыттың тарихы басталды. Елдің тұңғыш ферроқорытпа зауытының бірінші цехы 1943 жылдың 18 қаңтарында іске қосылған. Алғаш болып балқыту цехының "Комсомолка" пеші қыздырылды. Соғыс жылдарында үлкен сұраныста болған бірінші металл 20-қаңтарда осы пеште балқытылған. Мерейтойлық металды балқыту құрметі - 2012 жылдың нәтижесі бойынша үздік деп танылған №2 бригадаға бұйырды. Бес балқытушыдан құрылған бригада шикізатты әп-сәтте отты сұйықтыққа айналдырды. Зауыт мерейтойында өндіріс ошағының алғашқы жұмысшылары ұмыт қалған жоқ. 15 жасында ауыр жұмысқа араласқан Раиса Петрухина, бірінші балқыту процесіне қатысқан Галина Андреева және басқалары бүгін құрметтелді. Болат Ержанов - зауытта 56 жыл еңбек еткен металлург. Оқу бітіріп, 1957 жылы 26 жасында бірінші цехқа қорытушы болып орналасты. Кейін шебер, ауысым бастығы, аға өндірістік шебер қызметтеріне дейін көтерілді. Қазір зауыттың ардагерлер кеңесінде төраға. 2005 жылы зауытта миллионыншы металл балқытылды. Арада жылдар өтіп, техника жаңарды, зауыттың әлеуеті артты. Қазір бір цехтың ішіндегі жеті пеш жылына 230-240 тонна жоғарғы көміртекті феррохром өндіреді. Өндіріс орнында жылдық қуаттылығы 440 мың тонна болатын төртінші балқыту цехы салынып жатыр. |
Количество показов: 4771
Дата создания: 18.01.2013 18:59:46