Ақтөбе автожол колледжінде жастардың қауіпсіздігі мен болашағы жөнінде кездесу өтті
Асан Аслан жүгіруден спорт шебері. Жасы 18-дегі студент бірнеше рет халықаралық жарыстарда топ жарған. Биыл сонау Африка құрлығындағы Тунис мемлекетінде бар шеберлігін салып үздік бестік құрамына еніпті. Алда Жапонияда өтетін чемпионатқа дайындалып жүр. Жас спортшы тәртіпке жастарды баулу үшін бос уақыттың болмауы маңызды дейді. Сондықтан колледжде өзі қатарлас достарын үнемі денешынықтыру дайындықтарына шақырып жүреді екен. Әсіресе ер балалардың денесі спортқа бейім болуы қажет дейді. Бүгінгі кездесуге орта білім беру ұйымының студенттері көп жиналды. Мұндай шаралар қаладағы барлық колледждерде айына төрт мәрте өткізіліп тұрады. Заң өкілдері апта сайын жастарды жинап тәртіп бұзбауға шақырады. Сөзге келіспеген жағдайда алдымен жұдырықты емес, адамгершілікті алға қою қажеттігін ескертеді. Полицейлердің ақпаратына сәйкес, былтыр 13 колледж оқушысы өрескел заң бұзып есепке алынған. Биыл ата-анасының, оқытушылардың икеміне көнбеген 1 студент тәртіп сақшыларының бақылап тұру есебіне алынған. Жастар әсіресе әлеуметтік желілер арқылы кикілжіңге баруды әдетке айналдырыпты. Ғаламтордағы сөзге келіспеушілік, бетпе-бет келіп арты төбелеске ұласатын көрінеді. Сондықтан тәртіп сақшылары жастар көп отыратын әлеуметтік желілерді торуылдайтын болған. Ата-ананы тыңдамайтын, сабаққа келмейтін жастар да полицейлердің жіті бақылауында.Количество показов: 14
Дата создания: 04.09.2026 10:04:37



















