Жылуы жоқ үйлер көктеп жатыр
![]() | Ыстық суды күткелі бір ай болды. Үйдің іші-ылғал. Жертөленің сызы шыдатпай барады, төсек-орнымыз көктеп жатыр. Шәмші Қалдаяқов көшесіндегі 1-ші "А" үйдің тұрғындары осылай деп дабыл қағып отыр. Олар құбырдан шыққан ақаудың кесірінен қыс бойы жаурап қаламыз ба деп алаңдаулы. Шәмші Қалдаяқов көшесіндегі 1-ші "А" үйдің тұрғыны Ирина Абдульманова күн ұзағына еден сүртумен болады. Басқаша, мүмкін емес. Жертөленің ызғары былай тұрсын, ылғалы пәтердің еденінен сезіледі. Үйдегі жиһаз, төсек-орын көктеп жатыр. Бәрінен бұрын Ирина мектеп жасындағы екі баласы мен анасының денсаулығы үшін алаңдаулы. Бойлары бір жылымайды. Аядай екі бөлмені жылыту үшін газ пешін қосып қояды. Былайғы уақытта үйдегілер сыртқы киімдерін шешпейді. Тұрғындар бар пәле жаздыгүні басталды деп отыр. Айтуларынша, жерді қазып, жылу құбырларын ауыстырған. Тамыздың ортасында үйге ыстық су беріліпті. Бірақ, көпшіліктің қуанышы ұзаққа созылмады. Бір апта шамасында қайта ажыратып тастаған. Содан бері бір айт өтті, ыстық су әлі жоқ. Жылусыз жаурап отырған жалғыз Қалдаяқов көшесінің тұрғындары ғана емес. Редакциямызға Шернияз көшесіндегі №16,23-үйлердің тұрғындары хабарласып, хат жолдады. Олар да апталап ыстық сусыз отыр. Қала әкімінің қаулысымен биыл жылыту маусымы 1 қазаннан басталды. Мектептер, тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттар 203 тәулік, интернат-үйлер, мектепке дейінгі және медициналық мекемелер 216 тәулік бойы жылытылады. Осыған байланысты «Трансэнерго» мен Ақтөбе жылу-электр орталығы акционерлік қоғамдары белгіленген мерзімнен бастап қала нысандарын үздіксіз жылумен жабдықтауды қамтамасыз етуге міндеттелді. "Қазгидромет" орталығы ауа райы күрт төмендейтіндігі туралы ақпарат таратып отыр. Ертең және бейсенбі күндері облыста жаңбыр жауып, арты қарға ұласады. Жел күшейіп, күндіз ауаның температурасы 2 С-қа дейін төмендейді. |
Количество показов: 2069
Дата создания: 08.10.2013 18:37:24