Жем абақтысында бүлік шығарғандар жазаланады
![]() | Маусым айында Жем қаласында орналасқан қатаң тәртіптегі абақтыда төбелес ұйымдастырған жазасын өтеушілер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы бүгін брифинг кезінде облыс прокурорының аға көмекшісі Мұрат Әлменов мәлімдеді. Бүлікті бастаған бес адамға айып тағылды. Қазір бұл іс Ембідегі №2 сотта қаралып жатыр. Абақтыдағы төбелес осы жылы маусымның онынан он біріне қараған түні орын алды. Бүлікке тұтқындардың арасындағы алауыздық себеп болған. Оқиғаны үш ай бойы тергеген прокурорлардың ақырғы шешімі осы. Жанжалды бастаған бес адамның үстінен түрме әкімшілігінің талаптарына бағынбау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар өтеп жатқан жазасының үстіне бес жылдан он жылға дейінгі мерзім қосып алуы мүмкін. Ақтөбелік прокурорлар жақында Мөңке би көшесіндегі жеке үйлердің бірінде орналасқан "Фатиха" мешітінде діни жоралғылардың жасалғандығын анықтады. Бұл мешіт былтыр қайта тіркеуден өте алмай, ресми түрде жабылған болатын. Соған қарамастан, дін ордасы қызметін жалғастырған. Құқық қорғау органдары заңсыз қызмет еткен мешітті жауып, онда діни жоралғылар ұйымдастырған Төлеу есімді азаматқа 86 мың теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасын тағайындады. Ал, "Қожасай" кен орнында бір айдың ішінде 10 миллион текше метр газды ауада жағып, рұқсат етілген мөлшерден асырған "Қазақойл" компаниясына қоршаған ортаға келтірген залалы үшін 9 миллиард теңге айыппұл салынды. |
Количество показов: 2228
Дата создания: 08.10.2013 18:39:00