Өзгенің мұңына ортақ еріктілер марапатталды
![]() |
Жастар арасында еріктілер қызметі қалай жүзеге асуы керек? Сал ауруына шалдыққан азаматтарға қандай көмек қажет? Осы мәселелер бүгін "Жастар арасында волонтерлікті дамыту қызметін ұйымдастыру" тақырыбында өткен конференцияға арқау болды. Шараға ерікті жастар мен қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты. Анар Өмірбаева 3 жыл бұрын өз еркімен "Д.А.Р" волонтерлік клубына мүшелікке қабылданған. Марат Оспанов атындағы БҚММУ 3 курсында оқитын ол Марат есімді 15 жастағы мүгедек балаға қамқор болып жүр. Қолы сабақтан қалт етсе, оған көмектесіп, көңілін аулайды. Марат пен анасының жанашыр досына айналып та үлгерді. Болашақ ақ халаттың иесі Анар: "Кез-келген адам ерікті бола алады. Ешқандай атақ бермейтін қызмет жастардың ғана ермегі емес",- деген пікірде. Ақтөбелік еріктілердің басын қосқан конференцияда биыл "Тренерлер мектебі" жобасына қатысып, оқыту-үйрету семинарларында білім алып шыққан 100-ге жуық студенттер мен жастарға сертификаттар берілді. Көптеген әлеуметтік акцияларға белсене қатысқан "Д.А.Р" волонтерлік клубының мүшелері марапатталды. Жоғары оқу орындары жанынан құрылған еріктелер ұйымдарына қолдау көрсетілді. Конференцияға қатысушылар өңірге келуші шетелдік еріктілер санының азаюын қалыпты құбылыс санайды. Есесіне жергілікті жастар қайырымдылық іске белсене кіріскен. Мәселен биыл студенттердің қатысуымен көптеген әлеуметтік акциялар, іс-шаралар өткізілген. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын "Мен-волонтермін", "Бәріміз бірдейміз", "Мейірімді жүректер" атты акцияларға жастар белсене араласады. Конференцияға жиналғандар өзгелерді де қайырымдылық шараларына қолдау көрсетуге шақырды. |
Количество показов: 2269
Дата создания: 04.10.2013 18:27:08