Қурайлыда мәдениет үйі жоқ
![]() |
Қаладан біршама шақырым қашықтықта орналасқан Қурайлы селолық округінде 7 жарым мың халық тұрады. Ауылда мәдениет үйі жоқ. Сондықтан бүгін тұрғындар ауыл әкімінің есебін тыңдау үшін әкімдікке жиналды. Шешілмей жүрген біраз мәселелерді қала әкімі Ерхан Омаровтың есіне салды. Халық ең бастысы шұрық-тесік жол жөнделсе дейді. Көше атауларының әлі күнге қазақшаланбай отырғаны да айтылмай қалмады. Селолық округ әкімі өз баяндамасында жыл соңына шейін ауыл жолдарын қалыпқа келтіру жоспарға енбегенін айта кетті. Есесіне, келер жылы сұраныс көп болғандықтан Елек ауылына балабақша салынбақ. 39 бекеттің электр желілері жаңартылса, Өрлеу елдімекеніндегі 350 орындық орта мектеп балабақшаға қайтарылып, жаңа мектеп салынады. Негізінен Қурайлы селолық округіне 5 елдімекен: Георгиевка, Елек, 39 бекет, Өрлеу, Қурайлы ауылдары кіреді. Қазір селолық округтің аумағында 13 шаруа қожалығы тіркеліп, жұмыс жасап жатыр. Белсенділер арасында «Әлібек», «Маржан», "Аманжол" қожалықтары бар. Кәсіпкерлер мал басын өсіріп, егін егумен айналысады. 2 шақырым жерді жылыжай кешені алып жатыр. Ал, «Анди» ЖШС 500 бас ірі қараға арналған сүт тауарлық фермасын салған. Биыл округке «Сыбаға» бағдарламасы бойынша сауынды ірі қараны көбейтуге 11 млн. теңге бөлініпті. Бұдан басқа ірілі-ұсақты жеке дүкендер, монша, тігін цехтары жұмыс жасайды. Селолық округ аумағында 3 орта мектеп пен 150 орындық жалғыз балабақша, бір кітапхана, 2 дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Спорттық алаң былтыр салынған. Қурайлының қаламен қатынасы да көңіл көншітерлік емес. Жол нашар болғандықтан үлкен сыйымдылықтағы автобустар қатынай алмайды. Сондықтан қалаға № 38 бағыттағы "ПАЗ" автобустары сағат сайын жүреді. Қоғамдық көлік сенбі мен жексенбі күндері тоқтап қалатындықтан жұмысқа асыққан халық, қала мектептерінде білім алатын оқушылар таксиге мінуге мәжбүр. Кездесуде осы секілді мәселелермен танысқан қала әкімі барлығын алдағы уақытта шешуге уәде берді. |
Количество показов: 2244
Дата создания: 10.10.2013 19:48:29