Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан тұрғындар үшін жүріп-тұру қиындады
Толассыз жауған жаңбыр қала көшелеріндегі қозғалысты қиындатты. Қаладағы бірқатар аумақта су жиналып, жаяу жүргіншілерге жолдан өту мұңға айналды. Әсіресе, су ағызатын арықтар жаңбыр суына толып, айналасына су жайылған. Салдарынан арықтардың шеті көрінбейді. Арықтың қай тұстан басталып, қай жерден аяқталатынын ажырату қиын. Ал жаяу жүргіншілер жолындағы суға толған шұңқырлардан өту мүмкін емес. Тұрғындар амалсыздан көлік жүретін жолға шығуға мәжбүр. Оның үстіне, жол жиегіндегі суға толған арықтарды байқамай, сүрініп құлап жатқандар да болды. Ақтөбеліктердің айтуынша, бүгін тіпті күнделікті жүріп-тұрудың өзі қиындық туғызған. Тұрғындар арықтарды уақытылы тазалап, су ағатын жүйелердің жұмысын ретке келтіру қажет екенін айтады. Жағдайды реттеу үшін коммуналдық қызметтер жұмысты таңғы төртте бастапты. Күшейтілген режимде жұмыс жасап, қала көшелеріне сору техникалары шығарылған. Ақтөбе қаласы құжат бойынша екі ауданға бөлінеді. Астана және Алматы аудандары. Қала жолдарына жауапты мекемелер әр аудан бойынша тексеріс жүргізіліп, арықтарды судан тазарту жұмыстары қолға алынғанын айтады. Мамандардың айтуынша, су сору жұмыстары күні бойы жалғасады. Қажет болған жағдайда қосымша техника тартылмақ. Негізгі мақсат - көшелерде жиналған жаңбыр суын дер кезінде сорып, тұрғындардың қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалуына жағдай жасау.Количество показов: 4
Дата создания: 17.11.2026 06:48:23




















