Тәртіп сақшысы сот шешіміне наразы
![]() |
"Сот шешімімен келіспеймін. Кінәсіздігімді дәлелдеймін." Баспасөз мәслихатын өткізген Ырғыз аудандық ішкі істер бөлімі басшысының бұрынғы орынбасары Еділ Жоламанов бүгін осындай мәлімдеме жасады. Оған есепке алу кітабына тіркемей, қылмыстық істі жасырды деген айып тағылып, Ырғыз аудандық соты 3 жылға шартты мерзімге соттау туралы үкім шығарған. Еділ Жоламановтың айтуынша прокурорлар тіркеуге алынбады деп отырған қылмыс мүлдем жасалмаған. Ырғыз аудандық сотында Еділ Жоламановқа қатысты 8 сот отырысы өткен. Алты отырыста іс оның пайдасына шешіліпті. Алайда шешуші сәтте судья Жоламановты кінәлі деп таныған. Куәгерлердің жауабы, дәлелдердің барлығы есепке алынбады деп есептейді бұрынғы басшы. Көршім таяқ жеді деп полицияға хабар берген келіншек те сот процесі барысында прокурорлардың қысым көрсетуі салдарынан куәгер атандым деп мәлімдеген. Таяқ жеді, тоналды деген ер адам да прокурорлардың қорқытып-үркітуі себепті зардап шегушіге айналғандығын жеткізеді. Бір қызығы, тонау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істі қаржы полициясы тергеуге алған. Қазір Аманкөл ауылының тұрғыны Қуандық Нұрмаханов "мені ешкім тонаған жоқ, мені жайыма қалдырыңдар",- деп құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жалынып жүрген көрінеді. Ал өз құзіретіне енбейтін іспен айналысқан қаржы полициясы енді оны қайда жіберерін білмей отырса керек. Облыстық прокуратура осы іске қатысты мәлімдеме жасап үлгерді. Айыптаушы тараптың ұстанған жолдан таймасы белгілі. Қылмысты есепке алмады, тіркемеді деген адам жазаға тартылды. Алайда тіркеуге алынбады деген қылмыс шын мәнінде жасалды ма? Жасалса, қылмыскер қайда? Оны кім іздейді? Зардап шегуші кім? Естеріңізге сала кетейік, Еділ Жоламановқа тағылған 363-баптың 1-ші тармағы, яғни "қылмыстық істі қасақана жасырып қалу бабы" ҚР ҚК жаңадан енгізілген бап. |
Количество показов: 2904
Дата создания: 07.10.2013 19:52:42