Еңбекқор жастар марапатталды
![]() |
Студенттердің 9-шы жазғы еңбек маусымы аяқталды. "Жасыл ел" және "Атамекен" жасақтарында еңбек етіп, ерекше көзге түскен үздік жұмысшылар бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қолынан алғыс хаттар алды. 100 қыз-жігіт Астана қаласына барады. Биыл жастардың еңбек науқанына облыс бойынша 4,5 мың қыз-жігіт қатысқан. 1 мың 600-і аудандарда жұмыс жасаса, 3 мың жауынгер қаланың тазалығы үшін тынбай тер төкті. Төрт ай бойы атқарылған жұмысты бүгін "Атамекен" студенттік жасақтарының төрағасы Нұрлыбек Мусин қорытындылап, еңбек маусымын жабық деп жариялады. "Жасыл ел" жасақтарының күшімен облыста 4,5 гектар жерге ағаш егілген. 140 тонна қоқыс полигонға шығарылды. Жігіттер қаланың белді құрылыс фирмаларында жұмыс жасады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың айтуынша, биыл еңбек науқанына ауыл жастары мен жұмыссыз қыз-жігіттерді тартуға басымдық берілді. "Атамекен" және "Жасыл ел" жасақтарына жыл сайын тұрақты түрде 100 миллион теңгеден ақша бөлінеді. Былтырлары еңбек үздіктеріне көліктер мен ноутбуктер сыйланатын. Биыл жемісті жұмыс жасаған 100 қыз-жігітке Астана қаласына жолдама сертификаттары ғана тарту етілді. Жастар қазанның 25-де жолға шығады. Астанада үш күнін өткізеді. Елорданың көрікті жерлерін аралап, қыдырады. Ал, студенттік жасақтардың жұмысы келесі жылы мамыр айында қайта жанданады. |
Количество показов: 2163
Дата создания: 07.10.2013 19:49:43