Қашқындағы Рысқалиевтердің әкесі қайтыс болды
![]() |
Халықаралық іздеуде жүрген Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен бұрынғы мәжіліс депутаты Аманжан Рысқалиевтердің әкесі Ақтөбеде қайтыс болды. 78 жастағы ақсақалдың жаназасына жақындары мен туыстары жиналды. Ақтөбе өңірінде ұзақ жылдар бойы тұрып келген ақсақал дүниеден өтер шағында балалары үшін қатты алаңдапты. Сәулебай Рысқалиевтің сүйегін бүгін жаназасынан кейін туған жері Атырау облысына алып кетті. Құрмыштағы бұл зәулім үйдің Рысқалиевтерге тиесілі екенінен бұл маңай тұрғындарының бәрі хабардар. Әдетте қымбат көліктер кезектесе кіріп-шығып жататын, айрықша күзеттегі коттедж үш күннен бері қара жамылып тұр. Қашқындағы ағайынды Рысқалиевтердің әкесі осы үйде о дүниеге аттанды. Саяси немесе қоғам қайраткері деген атағы болмаса да қайғылы хабар көптің құлағын елең еткізді. Сәулебай Рысқалиев 78 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Біздің өңірде ұзақ жылдардан бері тұрып келген ақсақал Атырау облысының Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында туған. Еңбек жолын Мақат ауылында қарапайым мұнайшы болып бастаған. 18 жасында Доссор елді мекеніндегі кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсіп, бір салада ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ол Ақтөбеге қоныс аудармай тұрып, жолдасы Мәдениет екеуі Мақатта тұрған. Мұнай өндіруші оператор, шебер болған ақсақалдың жаназасына жақындары мен туыстары, көршілері, достары жиналды. Жолдастарының айтуынша, балаларын сағынған әке жаны қысылғанда теледидар қараумен болыпты. Балаларым келер деп үміттеніпті. Сәулебай Рысқалиевтің үш ұл, төрт қызы бар. Олардың ішіндегі ең танымал болғандары Бергей мен Аманжан Рысқалиевтер. Бергей ірі кәсіпкер, кейін Атырау облысының әкімі қызметін атқарды. Ал Аманжан «Ақ жол» партиясының атынан мәжіліс депутаты болды. Ағайындылар қылмыстық топ құрып, мемлекет қаржысын жымқырды деп айыпталды. Рысқалиевтермен қоса күйеу балалары Әлбақасов, Желдібаев, Ізбасар мен өзге де жеке фирмаларының басшыларына қарсы қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеу жарияланды. Қылмыстық топ мемлекеттен 71 млрд теңге жымқырып, оңды-солды жұмсаған. Әзірге атышулы Рысқалиевтердің қайда жасырынып жүргені белгісіз. Ағайынды Рысқалиевтердің әкесі Сәулебай Рысқалиевтің сүйегін туған жері Атырауға алып кетті. |
Количество показов: 3421
Дата создания: 09.10.2013 18:41:58