10 ұстаз 100 мың теңгеден сыйақы алды
![]() |
Қаладағы орта мектептердің төрт ұстазы - республиканың ең үздік мұғалімдерінің қатарына енді. Оларды шаһар басшысы ескерусіз қалдырмады. Тәлім берген оқушылары түрлі білім сайыстарында жүлдегер атанған 10 ұстазға сыйақы табыстады. Ғалым да, шахтер де, әкім де бас иетін тұлға - ол, әрине, ұстаз. Мұны бүгін ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтаған қала әкімі Ерхан Омаров та атап өтті. Саналы, білімді ұрпақты тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып жүргендері үшін мұғалімдерге алғысын білдірді. Ал оқушылары түрлі білім сайыстарында жүлдегер атанған, ҰБТ сынағында жоғары балл жинаған ұстаздарға ерекше құрмет көрсетілді. Тұңғыш рет қала әкімінің 100 мың теңге көлеміндегі сыйақысына 10 ұстаз ие болды. Еңбегі еленген 10 мұғалімнің бірі- Аймереке Балманова. 28 жылдан бері балаларға есеп-қисаптың сырын меңгертіп келеді. Оқушылары да қаражаяу емес. Ұстаздарының үмітін ақтады. Математика пәнінен биылғы ҰБТ-ғы оқушыларының орташа көрсеткіші - 19,5 балл. 4 оқушысы "Алтын белгі" иегері. Халықаралық математикалық ғылыми-практикалық конференцияларда да көзге түскен оқушылары бар. Ұстаздар қауымының қатарын жас мамандар толықтырып жатыр. Қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, бүгінде қаладағы 13 мыңға жуық мұғалімнің 60 пайызы- жастар.
Біздегі реформашыл саланың бірі- білім беру. Министрі ауысқан сайын, жаңалық ала келеді. Жуырда ғана тағайындалған білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов ҰБТ-ге өзгерту енгізгелі отыр. Енді мектеп бітіруші түлектер екі мәрте сынақ тапсыратын болады. Жаңа министрдің жаңалығы ұстаздар арасында қызу талқыланып жатқаны белгілі. Пікір-әртүрлі. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда өткен салтанатты жиында ардагер ұстаздарға да құрмет көрсетілді. Жиналғандар мерекелік концертті тамашалады.
|
Количество показов: 2296
Дата создания: 04.10.2013 18:29:33