Өзендерде су деңгейі түсті
Ақтөбеде тасыған өзендердің деңгейі түсті. Бау-бақша ұжымдарындағы 600-ге тарта үй мен аула су астында қалды. Тағы бес үй құлаған. Бұл туралы бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов мәлімдеді. Қала әкімінің шешімімен шаһарда төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Оның қашанға дейін сақталатыны белгісіз. Ақтөбе, Қарғалы, Сазды су қоймаларына жиналған қар суы өзендерге әлі құйылып жатыр. Қазір Ақтөбе су қоймасынан секундына 540 текше метр, Сазды су қоймасынан секундына 20 текше метр су жіберіліп тұр. Ал, Қарғалы су қоймасында 4% қор бар. Қазір 96% толық. Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, су тасқынына біріншіден, 30-31 наурызда жауған қалың қар себеп. Екіншіден, 10-сәуірге дейін қозғалмаған өзен беттеріндегі мұз бен даладағы қар күннің күрт жылуынан тез еріген. Оған қоса, су қоймалары маңында тоң әлі жібімеген. Қалыңдығы 11-ден 21 см-ге дейін жетеді. Ал, 15-сәуірден бастап аймақта бау-бақша ұжымдарындағы 600-ге жуық үй мен ауланы су басты. Бес үй құлап қалған. 1174 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 69 адам құтқарылды. Облыс бойынша жағдай қалыпты. Тек Әйтеке би ауданындағы Құмқұдық ауылына баратын тас жолды су шайған. Қазір облыстық төтенше жағдайлар департаментінде арнайы штаб жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдайлар қызметімен қатар жол, азық-түлікпен қамтамасыз ету бөлімдерінің мамандары да бар. Олар күндіз-түні 54-66-24, 55-31-12, 56-29-62 телефондары арқылы тұрғындардың су тасқынына қатысты барлық сауалдарына жауап беріп отыр.
Количество показов: 1513
Дата создания: 17.04.2017 19:35:45