Облыста 9258 адам қатерлі ісікке шалдыққан
Онкология десе денеміз түршігеді. Қазақта бұл індеттің атын атамай, жаман ауру деген. Әйтсе де ол - жазылмайтын дерт емес. Ең бастысы дер кезінде анықтау. Обырды ерте анықтау үшін жыл сайын скрининг өту шарт. Қазір медицина дамыған. Кез-келген қатерлі ісікті емдеуге қауқары бар. Тек уақыт жоғалпаса болғаны дейді ақ халаттылар. Өйткені, қатерлі ісікке шалдыққандар үшін уақыт құнды.Ерте анықталған қатерлі ісікті емдеу де жеңіл. Сондықтан жыл сайынғы медициналық скринингтен өтіп тұру маңызды. Қазір дәрігерлер заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Ал скринингті әр адам өзі тіркелген емханасынан тегін өте алады. Әйтсе де, өз денсаулығына немқұрайлы тұрғындар да жетерлік. Учаскелік дәрігер мен мейірбикенің шақыртуына мән бермей, тексерісті созбалайтындары да бар. Сөйтіп жүріп, ауруының асқынғанын байқамай да қалады, дейді мамандар. Өңірімізде қатерлі ісіктің бірнеше түрі тіркелген. Әйелдер арасында сүт безі обыры көш бастап тұр. Екінші орында- өкпе қатерлі ісігі, кейін асқазан мен тік ішек пен тоқ ішек және тері қатерлі ісігі. Жыл сайын онкологиялық орталыққа 2 мыңға жуық адам қатерлі ісік ауруымен тіркеледі. Бүгінде медицина орталығында 9 258 науқас есепте тұр. Дәрігерлер ескертуден жалығар емес. Салауатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттен аулақ болғандардың дені сау болады. Оған құнарлы тамақ пен уақытылы ұйықтауды қосыңыз. Спортпен шұғылдану да денсаулық кепілі. Тағы бір естен шығармайтын жайт-жыл сайын медициналық тексерістен өтіп тұру.
Количество показов: 18
Дата создания: 05.02.2025 05:43:20