Ақпаннан бастап су, жарық пен ұялы байланыс бағасы да артты
Дәл қазір қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр. Азық-түліктің шарықтаған бағасына бұғау сала алмай жатқанда электр энергиясы қымбаттады. 1-ші ақпаннан бастап, қоғамның бүкіл тамырына жан бітіріп отырған электр энергиясының бағасы өсті. Сәйкесінше, су мен жылу, кейбір ұялы байланыс желілерінің құны да артты. Энергетика министрлігінің бұйрығымен электр энергиясына жаңа тариф енгізілді. "Ақтөбе ТЭЦ" АҚ-ында энергияның сағатына 1 киловатт қуаттығы қаңтардың соңына дейін 12,63 теңге болған. Ақпаннан бастап 17,54 теңгені құрайды. Қала тұрғындары жылу үшін 1 гигакалория үшін 5084,22 теңге төлейтін болады. Бюджеттік ұйымдар үшін 29019,63 теңге. Ал, судың тарифін тұтынғаны үшін халық 1 шаршы метрге 138 теңге төлейді. Қарапайым тұтынушылардың өзі 4 топқа бөлінеді. Әлеуметтік топтардың тариф құны да әртүрлі. Орталықтандырылған кәріз жүйесіне де жаңа тариф енгізілді. 1 шаршы метрге 88,62 теңге белгіленген. Елде кейбір ұялы байланыс операторларының құны да артты. 11-ақпаннан бастап Теле2 бірнеше тарифінің абоненттік төлемін 1000 теңгеге өсіреді. Ал, Билайн ұялы байланысының 30-ға жуық тарифінің бағасы 500-1000 теңгеге артады. Ақпанның бірінен бастап елде өзге де өзгерістер белең алды. Солардың бірі, Қазақстан мен Ресей шекарасындағы екі кедендік-өткізу пункті жұмысын тоқтатты. 1-ақпаннан өңірдегі "Әлімбет" және Батыс-Қазақстан облысындағы "Сырым" өткізу бекеттері 16 айға жабылды. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осыған орай, Ресейдің Орынбор облысындағы "Орск" және "Маштакова" Ресей бекеттері де жабылады. Ал, ҰБТ 10-ақпанға дейін жалғасатын болды. Оған 167 оқушы қатыспақшы.Количество показов: 50
Дата создания: 04.02.2025 06:10:16