Облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі жандармен жүздесті
Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қалалық мүгедектерді қолдау орталығына келді. "Болашақ" ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап тұрғызылған көпқабатты үйдің бірінші қабатын паналап отырған орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Балалардың үйірмесін, қолөнер шеберханасын аралап көрді. Сонан соң "Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау" қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен кездесті. Тағдыр тәлкегіне ұшырағандардың тірлігімен жақсы таныс облыс басшысы, арнайы сараптама жасай келе, ең өзекті мәселелерді шешу үшін қала және аудан әкімдеріне тапсырма бергендігін айтты. Қазір қалада мүгедектерге арнап салынған екі үй бар. Биыл 400 адамға тиісті ем-дом алу үшін сауықтыру орындарына жолдама берілген. Әлеуметтік қолдау әлі де жалғасын таппақ. Бүгінгі кездесуге де әкім құр қол келмеді. Сал ауруына шалдыққан 10 адамға шетелдік мүгедек арбасын сыйға тартты. Құны 450 мың теңге тұратын арба арманымыз болатын дейді қоғам мүшелері. Неміс арбасының ерекшелігі- қозғалуға ыңғайлы, жеп-жеңіл, салмағы - небары 7 келі. Күнделікті тұрмыстан тыс, спорттық бимен, спортпен айналысуға өте ыңғайлы. Тағы бір өзекті мәселе- мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту. Биыл арнайы бағдарлама аясында 430 мекеме-кәсіпорын 1255 адамға жұмыс берген. Алдағы жылы осы көрсеткішті ұлғайту көзделуде. Соның есебінен мүгедектерге де жұмыс орындары ашылатын болады. |
Количество показов: 2337
Дата создания: 09.10.2012 19:01:29