Шаһарда тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында ел чемпионаты басталды
Еліміздің тоғызқұмалақ шеберлері шаһарымызға жиналды. Спорт шеберлері бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде бақ сынап жатыр. Тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында классикадан жекелей ҚР командалық чемпионаты басталды. Қазақтың дәстүрлі зияткерлік ойыны тоғызқұмалақты насихаттап, дамуына үлес қосып жүрген білім ордасының ұстаздары да ойынға қатысады. Облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Лаура Қарабасованың сөзінше, оқу ордасында 2021 жылы Азия, 2022 жылы Әлем чемпионаттары өткен. Ойлау қабілетін, логика мен математикалық есептеу дағдыларын дамытатын стратегиялық ойында тек мықтылар анықталады. Чемпионатта еліміздің әр аймағынан 170 ойыншы бақ сынауда. 14-60 жас аралығындағы 87 қыз бен 83 ер. Жыл сайын өткізілетін сайыста 20 команда бар.Аймақтан ҚР командалық чемпионатында 12 адам қатысуда. Олардың қатарында ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Гүлжанат Алдабергенова, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Азамат Қайдаров пен Мөлдір Серікқызы, тоғызқұмалақтан ұлттық құрама мүшелері бар.
Былтырғы рейтингте Қазақстан бойынша Ақтөбе командасы Павлодар облысынан кейінгі 2-орынды алды. Чемпионаттың өтуіне федерация, Туризм және спорт министрлігі мен барлық өңір әкімдігі атсалысқан. Спорт сайысы 20-ақпанға дейін жалғаспақ.
Количество показов: 288
Дата создания: 14.02.2025 06:37:15