Облыс әкімі Алға ауданында болды
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өткен демалысын Алға ауданындағы нысандарды аралауға арнады. Атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аймақ басшысы бірінші болып Алға ауданындағы «АкТеп» ЖШС-де болды. Аталмыш шаруа қожалығы өз жұмысын өткен жылдың сәуір айында бастаған болатын. Кәсіпорын жетекшілері биыл 1200 бас мүйізді ірі қара сатып алған және олардың санын алдағы уақытта тағы да 1800 басқа арттыруды көздеп отыр. «Ангус» деп аталатын асыл тұқымды мал түрі АҚШ-тан әкелінбек. Осы орайда кәсіпорын басшылары биыл қосалқы мал азығын дайындайтын тағы да бірнеше техника сатып алған. Өңір басшысы өзінің келесі сапарын осы аудандағы балалар үйіне арнады. Алға қаласындағы облыстық балалар үйінде қазір 250-ден астам жасөспірім тәрбиеленуде. Осыдан біршама уақыт бұрын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов осында болып балаларға футбол алаңын салып беруге уәде еткен болатын. Аймақ басшысы айтқан сөзінде тұрып жаңадан салынған спорт кешенінің құрылысын іске қосты. Одан әрі облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Алғада жаңадан бой көтерген 59 пәтерлі тұрғын үй кешенінің ашылу салтанатына қатысып, баспана иелеріне пәтер кілттерін табыстады. Жалпы аумағы 5710 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй кешені "Қол жетімді баспана 2020" бағдарламасы аясында іске қосылған. Құрылыс жұмыстары республикалық бюджет есебінен қаржыландырылыпты. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне арнап салынған 5 қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында полиция бекеті орналасқан. |
Количество показов: 2199
Дата создания: 15.10.2012 18:54:05