Қобда ауданының бас сәулетшісі қызметінен босатылды
Қобда аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің бастығы Құстұртов қызметінен босатылды. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызды деп айыпталған мемлекеттік қызметкерге қатысты мұндай шешімді тәртіптік кеңес мүшелері шығарды. Шешім шығарғанда ауызбіршілік танытатын тәртіптік кеңес мүшелерінің пікірі бүгін Қобда ауданының бас сәулетшісіне қатысты істе екіге жарылды. Бір жағы аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің бастығын сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызды, қызметінен босатамыз десе, бір тарап мемлекеттің қаражатын ішіп-жеген ештеңесі жоқ адамгершілік танытып, жеңіл жаза қолданайық деген ұсыныс айтты. Құстұртовтың сондағы жіберген қатесі мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй салу, су құбырларын жүргізу жұмыстарына қатысатын мердігерлер арасында тиісті байқау жүргізбеген. Рас, Құстұртов "Ақжол" мен "Ақтөбекапремстрой" серіктестіктеріне артықшылықтар көрсетіп, құрылыс пен су жүргізу жұмыстарын осы мердігер екі мекемеге тапсырған. Осы орайда тәртіптік кеңес мүшелері облыстық ревизиялық комиссия мүшесі Бекнұр Бейісовке су жүргізу мен құрылыс жұмыстарына деп бөлінген қаражаттар шашауы шықпай, мақсатты жаратылған ба деген сұрақ қойды. Бекнұр Бейісовтің жауабынан мемлекет қаражатының мақсатты, түгел жаратылғандығы белгілі болды. Әйтсе де байқауға бірнеше мердігер мекемені қатыстырмағандығы үшін кінәлі деп танылған Қобда ауданының бас сулетшісін жұмыстан шығару керек деген шешімді тәртіптік кеңестің басым көпшілігі қолдады. |
Количество показов: 2457
Дата создания: 21.09.2012 19:12:21