Әлеуметтік қызметкерлер қан тапсырды
Қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қызметкерлер күні. Осы айтулы датаға байланысты Ақтөбе қаласы бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі - "Өмірді сақтайық" акциясы. Бүгін төл мерекелеріне орай 150-ге жуық қызметкер қан орталығына барып, ерікті түрде қан тапсырды. Алдымен қан тапсыруға ниеттенгендер зертханалық жолмен қан тапсырып, ондағы гемоглабин мөлшері мен түрлі ауру белгілерінің бар-жоғы анықталды. Талдамадан сүрінбей өткендер ғана донор бола алады. Алынатын қан мөлшері 350-400 грамм. Дәрігерлердің айтуынша өңірімізде қазір өз еркімен қан тапсырушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Дегенмен, теріс резусті қан түріне ие адамдар өте тапшы. Сондықтан осы қан тобына жататындар орталық тарапынан айрықша назарға алынған. Ал ондай теріс резусті қан түрі әрбір 100 адамның 3-нде ғана кездеседі. Дегенмен қан орталығына жолығатындардың 80 пайызының ғана донор болуға мүмкіндігі бар. Қалғандарының денсаулығынан түрлі кінәраттар табылып жатады, ал бірқатары созылмалы дерттерге душар болған жандар. Сонымен бірге көптеген қала тұрғындарының қан құрамындағы гемоглобин мөлшері қалыпты деңгейде емес. Мәселен ер адамдардағы қалыпты гемоглобин көлемі 120, ал әйел адамдарда 110 шамасында болуы тиіс. Алайда бірқатар жерлестерімізде бұл көрсеткіш өте төмен. Бүгінгі қанға мұқтаж азаматтардың өмірін сақтауға үлес қосқандардың қатарында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен әлеуметтік көмек орталығының қызметкерлері бар. |
Количество показов: 2739
Дата создания: 10.10.2012 19:01:43