Кепілде болған 40 жастағы әйел дәрігерлердің бақылауында
Күні кеше Ақтөбе қаласында бәз біреу бүтіндей бір отбасыны кепілдікке алған. Бұл ақпарат бірінші болып әлеуметтік желіде тарады. Ғаламторда Ақтөбедегі Мәскеу ауданындағы Қайрат Рысқұлбеков көшесінде белгісіз біреу адамдарды сарайда кепілге алғаны туралы хабар тарай бастады. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға жеке тұрғын үйде болған. Кейін , ресми органдар бұл фактіні растады. Оқиға орнына полиция , өрт сөндірушілер мен дәрігерлер барды. Құқық қорғау органдары үйдің маңайын қоршауға алды. 102 пультіне хабарлама кеше, кешкі 8 де түскен. Жедел-тергеу тобы мен арнайы бөлімшелер оқиға орнына дереу жетіп, күдіктімен 3 сағаттық келіссөз жүргізген. Дегенмен, күдікті кепілге алған адамды босатудан бас тартқан соң шабуыл жасау туралы шешім қабылданады. Арнайы операция кезінде күдікті ұсталып, 40 жастағы әйел босатылды. Ол ауруханада жатыр. Ал кепілде болған екі зейнеткер қаза тапты.Күдікті егде жастағы әйел адам мен ер адамды жертөледе қамауда ұстап, пышақ жарақатын салған. Кейін полицейлер 67 жастағы зейнеткердің қаза тапқанын растады. Ал 75 жастағы ер адам ауруханада, операция үстелінде көз жұмды. Оқиға орнына 4 жедел медициналық жәрдем бригадасы барған. Алайда, ақ халаттылар екі адамды аман алып қала алмады. Тек 40 жастағы әйел ғана ауруханаға жеткізілді. Жәбірленуші соққыға жығылған. Пышақ жарақатын алмапты, дейді дәрігерлер. Облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілген әйел адамның жағдайы тұрақты. Қылмысқа не түрткі болғаны белгісіз. Мұны полицейлер анықтап жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жарияланбайды, делінген ресми орган таратқан хабарламада. Ал әлеуметтік желіде оқиғаға қатысты түрлі пікірлер тарауда. Бірі-күдіктіні зардап шеккен әйелдің бұрынғы жігіті десе, енді бірі оқиғаны тонаумен байланыстырады.
Количество показов: 28
Дата создания: 15.01.2025 07:23:09