"Достық" достықты насихаттайды
Шілденің 16-да қаламыздағы көне лагерьлердің бірі - "Достық" өз жұмысын бастап кетті. Жазғы демалыс орталығында қалалық білім бөлімінің жолдамасымен 104 жасөспірім өз уақыттарын тиімді өткізуде. Олар көп балалалы отбасы жеткіншектері, ата - анасыз балалар мен қорғаншылық отбасында тәрбиеленіп жатқан ұл - қыздар. "Достықта" бастары біріккен жеткіншектердің бірқатары үшін бұл лагерьдің бұрыш - бұрышы таныс. Өйткені олар жылда осы жерді таңдайды. Демек балалардың қызығушылығын арттыратын бағдарламалар көп. Лагерь ұжымы ойластырған сегіз үйірменің бірі - вокал. Ән айтуға қабілетті жеткіншектер ашық аспан астында, таза ауамен тыныстап өз дауыстарын машықтандырады. Ал интеллектуалдық ойынға бейім жасөспірімдер шахмат ойнап, спортқа жаны жақындары аяқ доп қағысып, волейболдың қызығына түседі. Сондай - ақ демалыс орталығында қолөнерге, сурет салуға құлшынысы басым ұл - қыздар да бос отырмайды. Көпжылдық ағаштарды көркемдеп, безендіруді өз міндеттеріне алған. Бұл күнделікті күн тәртібіне енген жұмыстары. Ал лагерьдің кеші тым қызық. Ұйымдастырушы Алена Бекбергенованың айтуынша арнайы сахнада балалар өздерін нағыз жұлдыз ретінде сезінуіне мүмкіндік беріледі. Көпшілік алдында өнер көрсетіп, қошеметке бөленіп қана қоймай, қатысқан үйірмелерінде танып -білгендерінің нәтижесін шығарады. Биыл жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға лагерьдің асханасы, медициналық бекеті толық жөндеуден өтті. 1952 жылы бой көтерген демалыс орталығын әлі де жаңартып, балалар қоныстанатын ғимараттар санын көбейту жоспарда. |
Количество показов: 3832
Дата создания: 25.07.2012 19:09:38