Ақтөбеде республикалық ғылыми жобалар байқауы өтіп жатыр
Байқауға барлық өңір мен қалалардан, Назарбаев зияткерлік және республикалық физика-математика мектептерінің 9-11 сынып оқушылары келген. Солардың бірі Іңкәр Бақытқызы. Ол осы байқауда экология мәселесін басты назарға алған. "Күн трекері болашақ энергиясы" атты жобасын жасап, трэкерді арнайы 3Д принтермен пластик қалдықтарды өңдеп құю арқылы жасаған. Яғни ол көбірек энергия қорын табуға көмектеседі екен. Елімізде дарынды, алғыр бала көп. Шымкент қаласының оқушысы Нұрасыл Есбол да Алаш зиялыларына арналған смарт стенд жасап шыққан. Ерекшелігі смарт стенд арқылы зиялы қауым өкілдері жайлы ақпарат ала аламыз, яғни, ұлы тұлғаның суреті бейнеленген смарт стенд алдына келген адамды сезіп өзі жайлы ақпарат бере бастайды. Қосымша QR-код арқылы және батырмаларды басу арқылы шығармаларымен, сұхбаттарымен сондай-ақ тұлғаның жанды дауысын естуге болады. Жас өнертапқыш Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев пен өзге де Алаш зиялыларына арналған смарт стендтер жасап үлгерген. Бұл байқауға еліміздің белді жоғарғы оқу орындарынан 60-қа жуық профессор ғалымдар төрелік етеді. Тыңдау нәтижесінде орташа балл шығарылып, жеңімпаздар анықталады. Байқау 1999 жылдан бері өткізіліп жүр. Қатысушылары мен жеңімпаздары шетелде, еліміздегі үлкен корпорацияларда қызмет етуде. Ғылыми жобалар конкурсы 21-ақпанға дейін жалғасады.Количество показов: 62
Дата создания: 21.02.2025 07:21:26