Жолда қалғандар шаһарға пойызбен тегін жеткізілді
10 ақпандағы боран мен көрінбейтін жолдар тұрғындар мен жүргізушілер үшін қауіп тудырды. Ауа райының күрт нашарлауына байланысты облыстың батыс бағытындағы барлық жолдар уақытша жабылды. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Алға ауданында жедел штаб жұмысқа кірісті. «Қазақстан Темір Жолы» облыстық филиалымен бірлесіп, бірнеше пойыз арқылы шамамен 300 адам шаһарға жеткізілді. Сонымен қатар, Алға қаласының №1 орта мектебі базасында арнайы жылыту пункті ұйымдастырылды. Онда шамамен 130 жолаушы мен көлік жүргізуші уақытша орналастырылды. Оларға жатын орын, ыстық тамақ және тұрмыстық қажеттіліктер қамтамасыз етілді. Жолда қалған жолаушылардың дені - Атырау өңіріне жол тартып, Ресейден келе жатқандар. Құтқару жұмыстары Байғанин ауданында да жүрді. Атырау облысынан келе жатқан отбасы алдымен жылыту пунктіне орналастырылған. Кейін оның іші салқын деп патрульдік полицей Олжас Тәліпов қолында 3 айлық нәрестесі бар отбасыға өз үйінен орын берді. Жары ыстық шай беріп, сәби үшін жағдай жасаған. Атыраулық отбасы инспектор мен оның отбасына жанашырлығы үшін алғыс айтты. Қазіргі таңда Полиция қызметкерлері, ТЖД-нің құтқарушылары және аудан әкімдігі мамандары тәулік бойы жұмыс істеп, адамдарды қауіпсіз жерлерге жеткізуде. Жолаушылар жолда қалмауы үшін арнайы патрульдік топтар қызмет көрсетіп жатыр.Количество показов: 8
Дата создания: 12.02.2026 04:01:00



















